• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2019

  Таразда «Бірлік түбі – береке» қоғамдық форумы өтеді

474 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалидың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқарма басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Берік Уәлиұлы өткен жылы басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлар орындалғанын жеткізді. Өткен жылы басқарманың ұйымдастыруымен 52 іс-шара өткізілген екен. «Олар ұлттық және мемлекеттік мерекелер, Астана қаласының 20 жылдығы, сонымен бірге, республикаға танымал журналистер, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, блогерлер, қоғам өкілдерінің қатысуымен әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы сақталып, этносаралық және дінаралық шиеленістер орын алуына жол берілген жоқ», деді Берік Құрманғали.

  Басқарманың негізгі жұмыстарының бірі – Мемлекет басшысының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру болып табылады. Осы бағытта құрамында 89 мүшесі бар 11 ақпараттық топ құрылған. Басқарма басшысы өз сөзінде, қазіргі таңда топ құрамында жоғары оқу орындарының профессорлары, сарапшылар, сонымен бірге, «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру үшін банк қызметкерлері енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, ақпараттық жұмыс ақпан айынан бастап, бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

  Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде 63 бұқаралық ақпарат құралдары қызмет етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша өткен жылы Жамбыл облысы алғашқылардың бірі болып цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесіне көшті. Бұл ретте, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіліп, 2400 отбасыға жергілікті бюджет есебінен 13 528,0 мың теңге бөлініп, цифрлы жалғамалар алып берілген.

  Берік Құрманғали өткен жылғы атқарылған осы және өзге де шараларды қорытындылай келе, басқарманың алдағы жұмысына да тоқталды. «Биылғы жылы Жамбыл облысының 80, Т.Рысқұловтың 125, облыстық «Знамя труда» газетінің 100, «Jambyl» телеарнасының 30 жылдығы және «Бірлік түбі – береке» қоғамдық форумын ұйымдастыру жоспарда тұр», деді басқарма басшысы.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы